Бейбіт күннің батырлары: Адамды құтқару үшін отқа да, суға да түскен шығысқазақстандық құтқарушылар жайлы

19 қазан – Құтқарушы күні. Бұл жалақы алу үшін ғана баратын мамандық емес. Өзгеге көмектесуді жаны қалап, елдің ризашылығына бөленуді мақсат еткен «жүрегінің түгі бар» жандар ғана бет бұратын, қызығынан қатері басым сала.

Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Кәсіби мерекеге орай Кazinform агенттігінің тілшісі оқырманды Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің сапында жемісті жұмыс істеп жүрген бейбіт күннің батырларымен таныстырмақ.

Өрт қайда, Өтеміс сонда

Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Өтеміс Райымбеков Риддер қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы. Осы салада тер төгіп жүргеніне 10 жылдан асқан ол 120-дан астам апаттық-құтқару жұмыстарына жетекшілік еткен.

- Бұл менің жұмысым емес, сүйікті ісімдей. Еш уақытта қиындықтардан қорықпаймын, кез келген жағдайда салқынқандылық танытуға тырысамын. Әрбір оқыс оқиғаға бару арқылы жаңа тәжірибе жинап, шыңдала түсесің. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар болды ғой. Соның арасынан еске алар болсақ, 2022 жылдың мамыр айында «Белый Луг» саяжай қоғамдастығындағы жер үйдің ауласынан өрт шыққан еді. От бірден бұталарға жайылып, қатты желдің әсерінен 10 гектар аумақты шарпыды. Елді мекенге және 30 метр қашықтықтағы орман алқабына өрт қаупі төнді, - дейді ол.

Сол кезде Өтеміс Райымбеков жергілікті атқарушы органдармен жедел іс-қимыл жоспарын ойластырды. Өртті сөндіруге орман шаруашылығы кәсіпорындарынан 30 адам мен жер жыртатын техникалар дереу жұмылдырылды. Кейіпкеріміздің басшылығымен және өрт сөндірушілердің, орманшылардың, жергілікті атқарушы органдардың бірлескен күш-жігерінің арқасында тілсіз жау толықтай ауыздықталды.

«Бірде Айдарханов көшесінде бес қабатты үйден өрт шыққан болатын. Әріптес жігіттермен бірлесіп сол үйден екі тұрғынды аман алып шықтық. Айта берсең осындай оқиға көп», - дейді Өтеміс.

Бірнеше жылдың ішінде Өтеміс Райымбековтен 30-дан астам өрт сөндіруші тәлім-тәрбие алып, оның мектебінен өтті. Ол №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы қызметіне тағайындалған 2 жылда өрттен барлығы 15 адам құтқарылған.

Осы жылы тәжірибелі маман «Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдағы үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жұмысқа жүрек қалауымен келген

Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Денис Классен азаматтық қорғау органдарында 2003 жылдан бері қызмет етуде. Бала кезінен адамдарға, қоғамға пайдасын тигізгісі келіпті. ҚР Қарулы Күштерінде қызмет еткен Денис өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасқан. Жалынмен күрестегі алғашқы тәжірибесі туралы ол былай деп еске алды:

«Бірінші рет кезекшілікте отырмын. Кенет шақырту түсіп, Алтай ауданындағы Путинцево ауылына жол тарттық. Тұрғын үй мен шаруашылық қора-жайға жайылған өрттің жалпы ауданы 300 шаршы метрден асқан. Осы алғашқы сапарымнан-ақ өмірдегі өз орнымды тапқанымды түсіндім. Қорқыныш, толқу сезімдері мүлде болған жоқ. Ойымда тек бір нәрсе - өрт сөндіру жетекшісінің тапсырмаларын орындау, алғашқы дайындық мектебінде алған білімімді кәдеге жарату».

20 жылдық қызмет барысында Денис Классен аға өрт сөндіруші, бөлімше командирі болды. Ал 2017 жылдан бастап газ-түтіннен қорғау қызметінің аға шебері қызметін атқаруда. Осы уақыт ішінде қанша өртті сөндіргенін, неше адамды құтқарғанын да білмейді.

- Себебі мен құтқарылған адамдарды мүлде санамадым. Менің ойымша, құтқарушыға жақсы жарасатын қасиет – қарапайымдылық. Біз адамдардың қауіпсіздігі, мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істейміз, өзгеге көмектесу – кәсіби борышымыз, - дейді құтқарушы.

2020 жылғы 27 ақпанда Алтай қаласының №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің диспетчеріне көппәтерлі екіқабатты үйді түтін басқаны туралы хабар түскен. Белгілі болғандай, өрт бірінші қабаттағы пәтерде шығыпты. Кейіпкеріміз ішке кіріп, көрші пәтерде түтіннен қатты ұланып, талып қалған қарт әйелді тапқан. Құтқарушы тыныс алу аппаратына жалғанған панорамалық масканы шешіп, оны зардап шеккен адамға кигізді.

- Түтіннен қорғайтын масканы шешуімнің өз денсаулығыма қауіп төндіретінін жақсы түсініп тұрдым. Бірақ біреудің өмірі үшін жауапкершілік әлдеқайда күштірек болады. Сондай-ақ үйде екінші қабаттағы Ұлы Отан соғысының ардагеріне көмек қажет еді, бірақ денсаулығына байланысты атаны тасымалдау мүмкін болмай тұрды, - деп еске алды Денис Классен.

Өрт сөндірушілер терезелерді ашып, қартты таза ауаға шығарып, тыныс алу аппаратын алып келген. Сөйтіп, абырой болғанда оқыс оқиғадан адам шығыны болған жоқ.

Қызметтен бос уақытында кейіпкеріміз құтқарушының киімін аспазшы формасына ауыстырады. Отбасы үшін Шығыс тағамдарын, палау, лағман дайындағанды жаны сүйеді.

Жасұлан жылқыларды жақсы көреді

Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағатынан

Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Жасұлан Қабдошевтің ерекше хоббиі бар. Отпен күресуден және адам жанын ажалдан арашалаудан бос уақытында ол ниет білдірушілерге атқа мінуді үйретеді.

Жасұлан екінші сыныпта туған ауылында ат жарысына қатысқан. Содан бері атқа мінудің қыр-сырын меңгеріп, оның денсаулыққа деген мол пайдасына қанықты.

«Ат спортында нағыз кәсіпқой маман болғым келеді. Мектеп кезінде әр демалысты туған ауылым Катонқарағайдың ипподромында өткізетінмін», - дейді Жасұлан Қабдошев.

Кейіпкеріміз 8 жылдан астам уақыт бойы атқа мінгісі келгендерге тәлім беріп, жол нұсқап келеді. Мерседес, Ақбатай, Айару және Патша - ең сүйікті жылқылары. Оның жүйріктері бірнеше рет бәйгелерде жүлделі орындарға ие болды.

- Мектепті бітіргеннен кейін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ға оқуға түстім. «Алғашқы әскери дайындық» мамандығы бойынша диплом алып, өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналастым. 15 жылдық қызмет барысында талай оқыс оқиғаларға бардық. Оның ішінде ірі өрттерді де сөндірдік. Ең үлкендердің бірі - Рахман қайнары аймағындағы табиғи орман өрті. Жетуі қиын таулы аймақта тілсіз жаумен күреске түсу оңайға соқпады. Әйтеуір әріптестерімізбен жұмыла әрекет етіп, отты толықтай ауыздықтадық, - дейді Жасұлан.

P/s: Дәрігерлерді тек ауырғанда, құтқарушыларды тек қиын жағдайға тап болғанда еске алмай, оларды қадірлей білейік. Соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде шығып жатқан ірі өрттер төтенше жағдайлар саласында тер төгіп жүрген жандардың еңбегінің маңыздылығын айшықтап берді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, бейбіт күннің батырлары!