Бейбіт Жұқаев 18 эйс жасап, АҚШ-тағы жарыстың финалына шықты

Фото: Фото: ktf.kz

Қазақстандық, әлемнің 247-ракеткасы, 23 жастағы Бейбіт Жұқаев Шарлотсвилл (АҚШ) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтау теннис мектебінің түлегі жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 254-орында тұрған, өзінен бір жас үлкен америкалық Патрик Кипсонмен шеберлік таластырды.

Б.Жұқаев матч басталысымен-ақ бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға кетті. Сол басымдықты уысынан шығарған жоқ – 6:4.

Екінші сетте Бейбіт тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған ойын барысында қазақстандық спортшы 18 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін өз есебіне жазды.

Қарсыласы 10 эйспен шектелді.

Бейбіт Жұқаев соңғы бәсекеде қос америкалық, әлемнің 376-ракеткасы Айдан Mayo немесе рейтингте 458-сатыдағы Итан Куиннің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның жартылай финалға шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Жібек Құламбаева Тунистегі жарыстың жеңімпазы атанды.