Қазақстанның екінші, әлемнің 195-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Ноксвилл (АҚШ) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 165-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, франциялық Титуан Дрогемен сәтті өткізді.
Бір сағат 10 минутқа созылған матчта Бейбіт 6:4, 6:1 есебімен басым түсті. Ол бәсеке барысында 2 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 497-орында тұрған америкалық Нишеш Басавареддимен таласады.
Осылайша, Б.Жұқаев өткен аптада өзі жеңімпаз атанған Шарлотсвилл челлендер жарысындағы ойындарын қосқанда, қатарынан алтыншы рет жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың теннистен ел намысын қорғау үлкен құрмет екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).