Бейбіт Жұқаев АҚШ-тағы челленджер жарысының чемпионы атанды

Фото: Фото: ktf.kz

Қазақстандық Бейбіт Жұқаев Шарлотсвилл (АҚШ) челленджер турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Kazinform.

Әлемнің 247-ракеткасы Б.Жұқаев финалда дүниежүзілік рейтингте 376-орында тұрған америкалық, 20 жастағы Эйдан Мейомен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді – 6:3.

Екінші сетте Бейбіт тағы бір брейк жасап, алға кетті – 4:2. Допты қатты беретін Б.Жұқаев ақыры матчты жеңіспен түйіндеді – 6:4.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Б.Жұқаев 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 6 эйспен көзге түсті.

Осы жеңісінің арқасында Бейбіт Жұқаев үздік 200 теннисшінің қатарына еніп, Қазақстанның Александр Бубликтен кейінгі екінші ракеткасы атанады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үздік ондыққа кіргенін жазған болатынбыз.