Қазақстанның екінші, әлемнің 195-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шампейн (АҚШ) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы матчын дүниежүзілік рейтингте 303-орында тұрған италиялық Энрико Далла Валлемен өткізді.
Б.Жұқаев италиялық спортшыны 6:1, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін рейтингте 298-сатыдағы хорватиялық Нино Сердарушичпен таласады. Қазақстандық теннисші бұдан бұрын өзі чемпион атанған Шарлотсвилл (АҚШ) додасында осы теннисшіні ұтқан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық төрешінің ХТФ арнайы сыйлығына ие болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).