Қазақстандық, әлемнің 247-ракеткасы Бейбіт Жұқаев АҚШ-тағы Шарлотсвилл челленджер турнирінің жартылай финалына өтті, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 284-ракеткасы, хорватиялық Нино Сердарушичпен шеберлік байқасты.
Б.Жұқаев бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте матчты тағы бір брейкпен қорытындылады – 6:4.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 11 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйспен шектелді.
Бейбіт Жұқаев финалға шығу үшін рейтингте 254-орында тұрған америкалық Патрик Кипсонмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакина – Арина Соболенко матчы кейінге қалдырылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Тунистегі турнирдің финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).