АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 213-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Алматы ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Екінші айналымда 24 жастағы қазақстандық теннисші әлемнің 25-ракеткасы, чехиялық Томаш Махачты жолдан тайдырды.
Бірінші партияда Бейбіт 3:1 есебімен алда тұрған кезде өзін жайсыз сезінген чехиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Т.Махач бірінші айналымда тағы бір қазақстандық Тимофей Скатовты ұтқан еді.
Ақтау теннис мектебінің түлегі жартылай финалға шығу үшін әлемнің 26-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов немесе рейтингіде 116-орындағы финляндиялық Отто Виртаненнің біреуімен таласады.
Спорттық жолында алғаш рет осындай санаттағы доданың ширек финалына өткен Бейбіт Жұқаев қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 180-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Алматы турнирінің ширек финалында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).