Бейбіт Жұқаев алғаш рет Уимблдон турниріне жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 251-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Ақтау теннис мектебінің түлегі іріктеу сайысының финалында әлемнің 239-ракеткасы, франциялық Лука Павловичтің меселін қайырды.
Бірінші партияда франциялық теннисші 6:3 есебімен басым түсті. Бұдан кейін Бейбіт камбэк жасай білді – 6:3, 6:2, 7:6 (7:5).
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты матчта Жұқаев 15 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Павлович 9 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, 24 жастағы Бейбіт Жұқаев негізгі жарысқа алғаш рет жолдама алып, өзі үшін тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов және Дмитрий Попко іріктеу сынынан өте алмады.
Бейбіт өткен жылы іріктеу сайыстарының финалында франциялық Алис Кантенге 3:6, 4:6, 4:6 есебімен жол беріп, негізгі додадан шет қалған еді.
Уимблдон додасы 30 маусымда басталады.
Сөйтіп «Үлкен дулыға» турнирінде Қазақстаннан жекелей сында Александр Бублик, Александр Шевченко, Бейбіт Жұқаев, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева өнер көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Испаниядағы тағы бір турнирді жеңіспен бастағанын жазған едік.