Бейбіт Жұқаев Бахрейн турнирінде бір күнде екі матч өткізіп, финалға шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Бейбіт Жұқаев жұптық сында Манама (Бахрейн) челленджер турнирінің финалында чемпиондық атақ үшін таласады.
Қазақстандық теннисші украиналық Виталий Сачкомен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, румыниялық Влад Виктор Корня — испаниялық Серхио Мартос Гоместі тығырыққа тіреді.
Бірінші партияда румыниялық-испаниялық дуэттің тай-брейкте асығы алшысынан түсті — 7:6 (7:4).
Екіншісінде Жұқаев — Сачко есе қайырды — 6:3. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 10:4.
Бір сағат 44 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-украиналық дуэт 9 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Корня — Гомес 2 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Б.Жұқаев пен В.Сачконың бүгін жартылай финалдық кездесуді де өткізуіне тура келді. Бұл жолы оларға доданың 3-ракеткалары, америкалық Василий Кирков — нидерландылық Барт Стевенс қарсы келді.
Бірінші сетте тай-брейкте қазақстандық-украиналық жұп табандылық танытты — 7:6 (7:4). Екінші партияда олар алға шыққанымен, Кирков — Стевенс қайыра брейк жасап, тай-брейкте қамшы салдырмады — 7:6 (7:1).
Дегенмен, супер тай-брейкте Жұқаев — Сачко тағы да ептілік танытты — 10:4.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта қазақстандық-украиналық жұп 5 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Кирков — Стевенс 3 эйс, 1 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Бейбіт Жұқаев — Виталий Сачко сенбі күнгі финалда белоруссиялық Иван Лютаревич — франциялық Лука Санчезбен сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Анталиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.