Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жекелей және жұптық сында жаңартылған әлемдік рейтингті жария етті, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 33-тен 32-ге көтерілді.
АҚШ-та Шарлотсвилл челленджер турнирінде үздік шыққан 23 жастағы Бейбіт Жұқаев 247-ден бірден 52 сатыға жоғарылап, әлемнің 195-інші, Қазақстанның екінші ракеткасы атанды.
Михаил Кукушкин 213-те қалса, Тимофей Скатов 211-ден 216-ға, Денис Евсеев 238-ден 239-ға сырғыды.
Париждегі мастерс жарысының чемпионы болған Новак Джокович бұрынғыша көш бастаса, испаниялық Карлос Алькарас екінші, ресейлік Даниил Медведев үшінші орында тұр.
Жұптық сында Александр Недовесов 47-ден 48-ге төмендесе, Андрей Голубев 63-орнында қалды.
Әлем бойынша америкалық Остин Крайчик, хорватиялық Иван Додиг, нидерландтық Уэсли Колхоф қамшы салдырмай келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Бейбіт Жұқаевтың АҚШ-тағы челленджер жарысының чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).