АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 218-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Чжанцзяган (Қытай) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты.
Мұның алдында АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысында отандасы Тимофей Скатовқа жол берген қазақстандық спортшы бұл жолы алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 509-орында тұрған словакиялық Лукаш Покорныдың мысын басты.
Бірінші партияда Покорны 3:1 есебімен алға кеткенімен, Жұқаев есе қайтара білді – 7:5.
Екінші сетті Бейбіт брейкпен бітірді – 7:5.
Бір сағат 44 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 6 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Покорны 6 эйс, 1 брейкті (5 брейк-пойнт) қанағат тұтты.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін рейтингіде 327-орындағы тайбэйлік Тун-Лин Вудан өтуге тырысып көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ ашық чемпионатында 19 жастағы теннисшіден жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Александр Шевченко алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).