Бейбіт Жұқаев Мехикодағы жарысты 19 эйспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 201-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Мехико (Мексика) челленджер турнирін сәтті бастады.

Фото: ktf.kz

Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген 23 жастағы қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 359-орында тұрған Зимбабве өкілі Бенджамин Локпен өткізді.

Бірінші партияда Б.Лок 6:4 есебімен басым түскенімен, Б.Жұқаев ойын тізгінін қолға алып, камбэк жасай білді – 6:3, 6:4.

Екі сағат 25 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бейбіт 19 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.

Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін рейтингіде 685-сатыдағы мексикалық, 18 жастағы Родриго Пачеко Мендеспен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италиядағы челленджер турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.