АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 215-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Морелия (Мексика) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 197-ракеткасы, Аустрия өкілі Юрий Родионовтың мысын басты.
Бұл матчта 6:3, 6:1 есебі тіркелді.
Небәрі 53 минутқа созылған бәсекеде Бейбіт 8 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Родионов 3 эйспен шектелді.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 159-ракеткасы, канадалық Алексис Галарно немесе рейтингіде 176-орындағы бразилиялық Фелипе Мелигени Алвестің қай жеңгенімен таласады.
Осы жарыста тағы бір қазақстандық, рейтингіде 245-сатыдағы Дмитрий Попко бастапқы айналымда әлемнің 180-ракеткасы, франциялық Теренс Атманнан өтуге тырысып көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Майами турнирінде тартысты матчта жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).