АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 353-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Сан-Луис Потоси (Мексика) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 387-ракеткасы, канадалық Дэн Мартинмен аса тартысты матч өткізді.
Бірінші партияда тай-брейкте Бейбіт басымдылық танытты – 7:6 (7:3).
Екіншісінде Мартин дәл солай қарымта қайырды – 7:6 (8:6).
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық спортшы таразы басын аудара алды – 6:4.
Екі сағат 57 минутқа созылған бәсекеде Жұқаев 17 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Мартин 11 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
Бейбіт Жұқаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Чарльстон турнирінде Путинцеваның жарыстың 1-ракеткасымен триллерге татитын матч өткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).