АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандықтар, әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаев пен рейтингіде 177-орында тұрған Денис Евсеев Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Б.Жұқаев екінші айналымда әлемнің 150-ракеткасы, америкалық Патрик Кипсонды жолдан тайдырды.
Екі сағатқа созылған тартысты матчта Бейбіт қарсыласын 7:5, 7:6 (7:5) есебімен ұтты. Ол 8 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. Кипсон 1 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Денис Евсеев әлемнің 124-ракеткасы, тағы бір америкалық Эмилио Наваны қапы қалдырды - 7:6 (10:8), 6:0.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында Евсеев 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Нава 7 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Енді ширек финалда Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев өзара кездеседі. Қай жеңгені жартылай финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Тунис турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).