Қазақстандық, әлемнің 302-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Шанхай (Қытай) мастерс турнирінің екінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл — Ақтау теннис мектебінің түлегі, 22 жастағы Бейбіт Жұқаевтың өз спорт жолындағы алғашқы мастерс жарысы еді.
Іріктеу сайысынан кейін негізгі жарысқа өткен Бейбіт бірінші айналымда әлемнің 252-ракеткасы, италиялық Стефано Наполитаномен кортқа шықты.
Қазақстандық теннисші 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 54 минутқа созылған матчта Бейбіт 6 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 9 эйспен көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Карен Хачановпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның 16 жасар ресейлік теннисшіні жеңіп, Бейжің турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Шанхай мастерс жарысының екінші айналымына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).