АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 171-ракеткасы Бейбіт Жұқаев көгал төсенішінде өтіп жатқан Сурбитон (Ұлыбритания) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Максим Крессимен кортқа шықты.
Бұл матч Бейбітке пәлендей күшке түсе қойған жоқ. Ол қарсыласын 6:4, 6:3 есебімен жолдан тайдырды. 1 сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Жұқаев 5 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Кресси 8 эйспен ғана көзге түсті.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін Аустралия өкілдері, әлемнің 68-ракеткасы Кристофер О'Коннел немесе рейтингіде 105-сатыдағы Джеймс Дакворттың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Париж олимпиадасында жекелей сынға күш салатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).