Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын 31 жылға сотталып, түрмеде отырған Наргиз Мохаммади алды
16:06, 06 Қазан 2023
Бейбітшілік саласындағы 2023 жылғы Нобель сыйлығы ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммадиге бұйырды. ҚазАқпарат бұл туралы Еuronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Наргиз Мохаммади – әйелдер құқығын қорғау және өлім жазасын алып тастауды жақтаушылардың бірі.
Ол Иранда бірнеше рет қамауға алынып, қазіргі кезде «мемлекетке қарсы үгіт-насихат жүргізді» деген айыппен ұзақ мерзімге сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатыр.
Мохаммади – 2003 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Ширин Эбади басқаратын адам құқықтарын қорғау орталығы директорының орынбасары.
Ол сондай-ақ Ирандағы ұлттық бейбітшілік кеңесінің атқарушы комитетінің төрайымы болып сайланды.