Бейнебақылау камераларының көмегімен 3402 құқық бұзу дерегі анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті пенитенциарлық мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда ҚАЖ мекемелерінде 22 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Биылғы бірінші тоқсанда бейнебақылау операторлары ұстау режимін бұзудың 3 402 дерегін анықтады.

«Ал өткен жылы 2 779 құқық бұзушылық болған. Тыйым салынған заттарды енгізудің 4 арнасы жойылды. Арнайы контингенттің 79 қақтығысы мен 9 топтық бағынбауы тоқтатылды. 13 суицид пен 3 қашу оқиғаларының алдын алу шаралары атққарылды. Бір жылдың ішінде ҚАЖ мекемелерінде қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар саны 4 есеге азайды», - деп жазды комитеттен.

Сонымен қатар, мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу сотталғандардың құқықтық жағдайын жақсартуға және құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алуға бағытталғанына қарамастан, сотталғандар 293 камераны істен шығарған. Ұстау режимін бұзушыларға қатысты келтірілген залалды өтеумен қоса 45 тәртіптік жаза қолданылды, 49 сотқа дейінгі тергеу басталды.