Бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған әскери бөлімдер анықталды - Бас әскери прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев еліміздегі кейбір әскери бөлімдер бейнебақылау жүйесімен қамтылмағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әскери бөлімдерді бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз ету әлі де өзекті болып тұр. Мәселен, шекара қызметінде 358 нысанның тек 104-ті бейнебақылаумен қамтылған. Ұлттық ұланда толық қамту үшін әлі де 216 бейнебақылау жүйесін қолдану керек. Қорғаныс министрлігінде 12,5 мың бенебақылаудың 4,1 мыңы істен шыққан», - деді М. Қазиев Сенатта әскери қызметшілердің денсаулығына қатысты мәселені талқалау кезінде.

Оның айтуынша, әскери бөлімдер мен мекемелерді бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді реттейтін бірыңғай құқықтық-нормативтік акт болмаған.

«Бұл жұмыс қолға алынып, бірлескен бұйрықтың жобасы дайындалды. Қазіргі кезде ол құжат пысықталып, келісуден өтіп жатыр. Бұйрық қабылданып, қаражат бөлінген жағдайда, әскери бөлімдерді бейнебақылау жүйесімен қамту қарқынды жүреді», - деді Мақсат Қазиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары әскерилер арасындағы суицид мәселесіне қатысты түсінік берді.