Бейнекамераны ұрлаған құстың ұшу жолы видеоға түсіп қалған

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Австралияда батыл құс бейнекамераны ұрлап, онымен бірге 100 шақырымдай жерді ұшып өткен.

Камера бұл уақытта қосылып тұрған және құстың бүкіл ұшу жолы оған түсіп қалған. Бейнежазбаны Кимберли округінің рейнджерлері жариялады.

Видеода алып құстың қанаттары және тырнақтарымен камераны қыса ұстап ұшып бара жатқан жері бар.

Австралияда жабайы табиғаттың сақталуын бақылап отырған рейнджерлер қозғалыс тетігі бар камераны Маргарет-Ривер аумағында мамыр айында орнатқан болатын. Олар онда жергілікті қолтырауындарды түсірмек болған. Құрылғының өзі аса үлкен емес: ұзындығы 10-15 сантиметр, ені 5 сантиметр. Камера жоғалып кеткенде рейнджерлер өзенге түсіп кетті деген пікірде болған.

Алайда көп ұзамай ол Мэри өзені маңынан, яғни орнатылған жерінен 110 шақырым қашықтықтан табылды. Рейнджерлер бейнежазбаны көріп, камераның қалай жоғалғанын білгеннен кейін таңданбасқа шаралары қалмады. Алдағы уақытта олар осы сынды құрылғыларды бұрандамамен бекітіп орнатпақ, деп жазады Associated Press.

Құстың түсірген видеосы YouTube порталына шығып та үлгерді.