Бейнеу ауданы экологиялық зілзала аймағы деп таныла ма

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағын Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен аймақ деп жариялауға қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Бейнеу ауданының әкімдігінің баспасөз қызметі

«Осы мәселені жедел шешу үшін төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялануы болжанатын аумақты зерделеу мақсатында зерттеулерді Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 64-бабына сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мүмкін болады. Оған сай қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға жергілікті бюджетке түскен қоршаған ортаға жағымсыз әсер еткені үшін төлемақының кемінде жүз пайызы мөлшерінде қаражат жіберіледі», - деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.

Оның атап өтуінше, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 405-бабының 1-тармағына сәйкес Маңғыстау облысының әкімдігіне тиісті комиссия құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

«Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының оң қорытындысына, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қорытындыларына сәйкес аумақ: Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен – төтенше экологиялық жағдай аймағы; Қазақстан Республикасының заңымен – экологиялық зiлзала аймағы деп жарияланады. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының аумағы төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп танылған жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті іс-шаралар қабылданатын болады», - деді Үкімет басшысы.