Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
«Елбасының жолдауына сәйкес, Астана қаласы мен елдің солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбыры құрылысының жобасы пысықталуда. Жобаның шикізат базасының көзі ретінде айырбас операциялары негізіндегі ресейлік табиғи газды пайдалану жоспарлануда. Алайда бұл жобаның біраз қиыншылықтары да баршылық», - дейді Сауат Мыңбаев.
Бұдан бөлек, министр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» бағыты бойынша «Қазақстан-Қытай» газ құбырының екінші учаскесінің құрылысына да тоқтала келе, бұл жобаның іске асыру сатысында тұрғанын атап өтті.
Министрдің сөзіне қарағанда, «Бозой-Шымкент» учаскесін биылғы жылдың қазан айында енгізу жоспарланады. Ал «Бейнеу- Бозой» бойынша жұмыс жеделдетіледі.
«Бұрын бұл учаскенің құрылысын бастау келер 2014 жылға қарай жоспарланған болатын. Бұл мерзім биылғы 2013 жылдың соңына қарай ауыстырылатын болды», - деді С. Мыңбаев.