«Бейнеу — Бозой — Шымкент» құбырының жылдық қуаты 15 млрд текше метрлік екінші желісі салынады
АСТАНА. KAZINFORM — «Бейнеу — Бозой — Шымкент» газ құбырының қуаты жылына 15 млрд текше метр болатын екінші желісі салынады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Бүгінгі таңда Үкімет газдандырудың түрлі нұсқаларын, оның ішінде ішкі газ ресурстары есебінен, сондай-ақ шекаралас мемлекеттерден газ импорттау арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктерін пысықтап жатыр. Мәселен, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының екінші (Астана — Көкшетау қалалары), үшінші (Көкшетау — Петропавл қалалары) және төртінші (газ құбырының қуатын сағатына 606 мың текше метрден 801 мың текше метрге дейін арттыру үшін екі компрессорлық станцияның құрылысы) кезеңдерін салу жұмыстары жалғасатын болады, — деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, аталған жобаны іске асыру үшін «Бейнеу — Бозой — Шымкент» газ құбырының қуаты жылына 15 млрд текше метр болатын екінші желісін салу жоспарланып отыр. Ол үшін биыл 13-14 ақпанда Қатарда жоғарыда аталған жобаны бірлесіп іске асыру бойынша қатарлық инвестормен — Power International Holding компаниясымен келісімдерге қол қойылды.
— Бүгінде қуаты жылына 10 млрд текше метрге дейін, ұзындығы 1 450 шақырым және үш жаңа компрессорлық станциясы бар газ құбырының желілік бөлігін салуды көздейтін бірінші кезең бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Екінші кезең аясында газ құбырының қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін қосымша үш компрессорлық станса салу жаспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр, — деді ол.
Айта кетейік, еліміздің солтүстік пен шығыс өңірлерге көрші елдерден газ импорттау бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.