«Сайлауды бейпартиялық байқау орталығына келіп жатқан ақпарат бойынша, біздің байқаушылар мәлімет беріп жатыр. Сол мәлімет бойынша бір-екі ауыз сөз заңбұзушылықтар туралы айтып өтейін. Кездескен сондай жағдайлар бар. Мәселен, Шымкент қаласында №130 сайлау учаскесінде бір жағдай тіркелді. «Ел дауысы» қоғамдық ұйымының байқаушысы Уәлихан Тұрарбек өз ұйымының байқаушыларына кедергі келтіріліп жатқаны туралы Фейсбукте жазған. Осы ақпараттың ізімен өзіміздің сол учаскедегі Гүлмира Сапарова атты байқаушыға шықтық», - дейді Бану Нұрғазиева Сайлауды бейпартиялық байқау орталығында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша №130 сайлау учаскесінде «Ел дауысы» ұйымының байқаушысы Дүйсенбекова Жансая Нұрғалиқызы таңертеңнен бері еш кедергісіз, тып-тыныш жұмысын жасап жатқаны анықталған.
«Фейсбукте жазылған осы ақпарат жалған болып отыр. Екіншіден, Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының Шығыс Қазақстандағы басшысы бір байқаушының сайлау учаскесінде трансляция беріп, басқаларына кедергі келтіріп жатқанын айтты. Отырған басқа байқаушылар бірігіп, акт жасап, сол арқылы кедергі жасап жатқан байқаушы учаскеден шығарылды», - деді ол.