Бейруттегі жарылыс ісі: Болгарияда ресейлік кеме иесі қамауға алынды

Фото: EPA/WAEL HAMZEH

АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияда Бейрут портындағы жарылысқа байланысты ресейлік кеме иесі ұсталды. Бұл іс 2020 жылы болған ірі техногендік апатқа қатысты тергеу аясында жүріп жатыр.

Ресейлік Игорь Гречушкин – аммиак селитрасын жеткізген жүк кемесінің иесі. Ол Интерполдың ордері бойынша ұсталған. Ливандық тергеу судьясы оған және кеме капитаны Борис Прокошевке іздеу жариялаған болатын.

Ливан сот органдарының мәліметінше, Гречушкин өткен аптада Кипрден ұшып келген соң София әуежайында қолға түскен. Қазіргі таңда оны Ливанға экстрадициялау құжаттары дайындалып жатыр. Егер экстрадиция мүмкін болмаса, ливандық тергеушілер Болгарияға барып, жауап алу мүмкіндігін қарастырады.

Игорь Гречушкин Ресей азаматы болумен қатар, Кипр азаматтығына да ие.

2020 жылғы 4 тамызда Бейрут портында 2700 тонна аммиак селитрасы жарылып, 200-ден астам адам қаза тапты, мыңдаған тұрғын жарақат алды. Жарылыстың салдарынан 10 шақырым радиустағы ғимараттар қирап, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі орналасқан ғимарат та зақымданды. Бұл апат ХХІ ғасырдағы ең ірі ядролық емес жарылыстардың бірі ретінде тарихқа енді.

Алайда бүгінге дейін Ливанның бірде-бір жоғары лауазымды шенеунігі жауапқа тартылған жоқ. Жарылыс ел экономикасы күйреген шақта орын алған еді. Дүниежүзілік банк оны «заманауи тарихтағы ең ауыр дағдарыстардың бірі» деп бағалады. Қоғам билік элитасын жемқорлық пен жауапсыздық үшін сынға алды.

2025 жылы Ливанда президент Джозеф Аун, премьер-министр Наваф Салам бастаған жаңа үкімет құрылды. Олар жарылысты тергеуді соңына жеткізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.

Тергеу алғашқы күндерден-ақ саяси және құқықтық қысымдарға байланысты тоқтап қала берді. 2020 жылы жетекші тергеуші Фади Саван экс-премьер Хасан Диаб пен үш министрді немқұрайлылыққа айыптағанымен, көп ұзамай қызметінен шеттетілді. Ал биыл шілдеде тергеу судьясы Тарек Битар істі қайта жандандырды.