Бейсбол матчында бой көрсеткен Головкинге жұрт наразылық білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лос-Анджелесте «Лос-Анджелес Доджерс» кәсіпқой бейсбол клубының «Колорадо Рокис» командасына қарсы ойыны өтті. Матч алдында допты салтанатты лақтыру рәсімін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин өткізді. Алайда, «Лос-Анджелес Доджерс»-тың барлық дерлік жанкүйерлері Головкиннің алаңда пайда болуына қуанышты болған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ға сілтеме жасап.

«Dodger Stadium-да GGG-ге ысқырып, наразылық білдірілді», - деп жазды Los Angeles Times-тің жергілікті тілшісі Твиттерде.

Айта кетейік, Лос-Анджелес халқының 47 пайызын латынамерикалықтар құрайды. Олардың дені Головкин-Альварес жекпе-жегінде мексикалық боксшыға жанкүйер болатыны даусыз.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық боксшы Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Осы жекпе-жекте Альварес GGG-дің тек екі атағы - WBA мен IBF белбеулері үшін ғана таласады. Головкин ұтылып қалса, оның тағы екі белбеуі - WBC мен IBO бос қалып, оны басқа боксшылар өзара сарапқа салады. Ал қазақстандық боксшы жеңіске жетсе, төрт белбеуіне тағы The Ring журналының арнайы белбеуін қосып алады. Аталған басылым оны арнайы Альварес үшін шығарған болатын.

Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда жекпе-жектің тікелей көрсетілімі 17 қыркүйек күні таңертең көрсетіледі.