Бейт-Шемешке жасалған зымыран соққысынан тоғыз адам қаза тапты

Фото: x.com / @manniefabian

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің батысындағы, Иерусалимге жақын орналасқан Бейт-Шемеш қаласына жасалған зымыран соққысы салдарынан тоғыз адам көз жұмды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Жексенбі күні Иран аумағынан ұшырылған баллистикалық зымыран Израильдің орталық бөлігіндегі Бейт-Шемеш қаласының тұрғын ауданын нысанаға алған. Соққы салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы 28 адам жарақат алды, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Израильдің жедел қызметтері мәлімдеді.

Зымыран синагоганы қиратып, қоғамдық бомбапана мен маңайдағы тұрғын үйлерге айтарлықтай зақым келтірген. Иерусалим округінің полиция бастығы Авшалом Пеледтің айтуынша, қаза тапқандардың басым бөлігі дәл сол қоғамдық орында болған.

Израильдің жедел медициналық көмек қызметі Magen David Adom дәрігерлері оқиға орнында өлім фактілерін тіркеп, зардап шеккендерді ауруханаларға жеткізгенін хабарлады. Ауруханаға жатқызылғандардың арасында жағдайы орташа ауырлықтағы төрт жасар бала да бар.

Израиль Қорғаныс армиясы зымыранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі арқылы неге тосқауыл қойылмағанын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Әскери деректерге сәйкес, Тыл қолбасшылығының ерте ескерту жүйесі дер кезінде іске қосылған.

Бейт-Шемеш қаласының мэрі Шмуэль Гринберг 20 тұрғынмен әзірге байланыс орнатылмағанын айтты, алайда бұл олардың қаза тапқанын білдірмейтінін атап өтті.

Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы жаңа «ауқымды» шабуыл толқындарының басталғанын мәлімдеген, бірақ нақты нысаналарды атаған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Карачиде АҚШ консулдығын басып алуға әрекет жасау кезінде сегіз адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.