Бейтаныс адамға пышақ сілтеген бұзақыға шартты мерзім тағайындалды
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Жәнібек ауылына досының үйлену тойына келген Б. Орал қаласына қайтуға көлік іздеп, жаңа базарға жол тартады. Ол жерде бұрынғы таныстары Н. және А. кездестіріп, сыра ішеді. Содан үшеуі көлік қарау үшін ескі базар жаққа бет алады. Жолда Н. біреумен сөзге келіп қалып, Б. қорқытпақшы оймен қалтасынан пышағын шығарып көрсеткенде, әлгінің «мені өйтіп қорқытпа» деген сөзіне шамданып, пышақпен сілтеп кеп қалған кезде бір жеріне кіріп кеткенін түсініп, қорыққандарынан сол жерден үшеуі де зытып отырған. Абырой болғанда бейтаныс жәбірленуші аман қалған.
Сот жаза тағайындауда Б-ның бұрын сотталмағандығын, жәбірленушінің оған кешірім жасағанын, оның жағымды мінезделетіндігін қаперге алып, оның бас бостандығынан айыру жазасын өтемей-ақ түзелу мүмкіндігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 257-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын 63-баптың ережелерінің негізінде шартты деп санап, үш жыл сынақ мерзімін тағайындады.