Бейжің 200 мың көлікті жолдан алып тастайды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бейжің 2016 жылы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шаралар аясында 200 мың көлікке қала жолында жүруге тыйым салады. Бұл туралы Бейжің қоршаған ортаны қорғау муниципалдық бюросы бастығының орынбасары Фан Ли мәлімдеді.

Оның айтуынша, билік дизельмен жүретін көліктерді және құрылыс қоқысын таситын автомобильдерді басты назарға алады.

Бұдан басқа, билік қаланың шығыс және батыс аудандарында көмір тасымалдау, сату мен тұтынуға тыйымды қатаңдатуды жоспарлауда. Бейжіңге жақын орналасқан 400 елді мекен газға көшірілді.

Бейжің және оған жақын елді мекендер ауа сапасын жақсарту, көшенің шаңдануының алдын алу мақсатында 2020 жылға дейін көмір пайдалануды тоқтататын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бейжің билігі 2016 жылы ауадағы PM 2.5 зиянды заттар шоғырын 5 пайызға төмендетуді, ауа сапасын бақылайтын стансалар санын 35-тен 60-70-ке көбейтуді жоспарлауда. Қытайлық астана билігі осы жылы қоршаған ортаның ластануымен күреске 16,5 миллиард юань (2,5 млрд доллар) жұмсамақшы.