Бейжің-2022: Анастасия Городко финалға қол созым жерде қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы Бейжің қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық 16 жастағы Анастасия Городко әйелдер арасында фристайл-могулдан лайықты нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің екінші іріктеу әрекетінде ол 67.47 балл жинады. Осылайша Олимпиаданың ең жас қатысушысы 11-орынға тұрақтады. Нәтижесінде дүбірлі доданың финалына шығуға қол созым жерде қалды.

Еске салсақ, еліміздің атынан Юлия Галышева финалда бақ сынауға мүмкіндік алды.

Ол Қазақстан құрамасынан жүлдеге басты үміткер саналады.

Ақ Олимпиадада еліміздің атынан 34 спортшы 87 жолдама бойынша сынға түседі. Мамандардың айтуынша, қазақстандық спортшылар фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-тректе жүлде қорын толықтыруы мүмкін.