«Алдымен айтарым, фристайл-акробатика спорты бір орында тұрған жоқ. Жыл санап жетіле түсіп жатыр. Бұрын қыздар үшін секіру көрсеткіші басқаша болса, қазір қыздар ұлдармен бірдей деңгейде мықтылығын дәлелдеу керек. Яғни бұрын екеулік деңгейде секірсе, енді үшеулік секіру қажет. Бейжің олимпиадасына соңғы 2 жыл тынымсыз дайындалдық. Фристайл-акробатикадан өткен жылы болған әлем кубогында біздің спортшылар өте жақсы нәтиже көрсетті», - деді Ж. Арапбаева Бейжіңнен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында.
«Негізі біз фристайл-акробатикадан финалға шығуды мақсат тұтып келгенбіз. Өз басым қыздарды мақтан тұтамын, көрсеткіштеріне ризамын. Біздің спортшы қыздар батыл, ержүрек», - дейді ол.
Сондай-ақ, брифингте Бейжің олимпиадасында фристайл-акробатикадан финалға шыққан жерлесіміз Ақмаржан Қалмұрзаева жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.
«Жарыс кезінде қобалжу болды. Себебі халықаралық олимпиаданың финалына бірінші рет шығуым. Қобалжудан кейін де сайыс қиынға соқты деп ойлаймын. Бірнеше қателік жібердім. Дегенмен жолдан тайып кетпей соңына дейін бардым. Шаңғым кетіп қалғанда жолдан шыға салсам болар еді, бірақ мен өнер көрсетуді жалғастыра бердім. Құламауға тырыстым, яғни қолымнан келгеннің бәрін істедім. Төрешілердің өз шешімі бар, 11 орынға лайық болдым», - дейді спортшы.
Еске сала кетсек, Қытай астанасы Бейжің қаласында өтіп жатқан Ақ Олимпиада ойындарында фристайл-акробатикасынан Ақмаржан Қалмұрзаева финалға өткен еді.
Дегенмен жерлесіміз финалда сүрініп, жүлдеге ілікпей қалды.