Қазақстандық спортшылар арасында бірінші болып жарыс жолына конькимен жүгіру сайысында 1500 метр қашықтыққа Надежда Морозова мен Екатерина Айдова шықты. Екеуі де құрамадағы тәжірибелі спортшылар еді, жанкүйерлер оларды үздіктер қатарынан көреміз деп үміттенген.
Алайда, қос спортшымызда біз күткен үмітті ақтай алмады.
Надежда Морозова 1500 метр қашықтықтағы жарысын 14-ші орынмен аяқтады. Ал Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында көкбайрағымызды көтеріп шыққан Екатерина Айдова бұл сынды 18-ші орынмен аяқтады.
Бұл спорт түрінен, яғни 1500 метр қашықтықта голландиялық спортшы Ирен Вюсттің мерейі үстем болды. Ол бір жарым шақырымдық қашықтықты 1:53:23 уақытымен бағындырып, Олимпиада рекордын жаңартты. Осылайша, Вюст Олимпиада ойындарының алты дүркін чемпионы атанды. Ал екінші орынға 1:53:72 нәтижесімен жеткен жапондық атлет Михо Такаги ие болса, үздік үштікті 1:54:82 минутта бағындырған Нидерланды елінің өкілі Антойнет түйіндеді.
Қазақстандық спортшылардың нәтижесі төмендегідей:
Надежда Морозова – 14-орын (1:56.85),
Екатерина Айдова – 18-орын (1:59.01).
Сондай-ақ, бүгін биатлоннан Галина Вишневская-Шепоренко жарыс жолына шықты. Ол 15 шақырымға жекелей жарысты 5:19.6 нәтижесімен 44-орынмен аяқтады.
Алайда, осы нәтижесінің арқасында ол із кесу жарысына жолдама алған 60 спортшының қатарына енді.
Бұл додада германиялық Дених Херрман 44:12.7 (0 0, 1 0) көрсеткішімен бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орынды 9.4 (0 0, 0 1) нәтижемен франциялық Анаис Шевалье-Буше қанжығасына байлады. Ал үздік үшінші орынға 15.3 (1 0, 0 1) қорытындысымен норвегиялық Марте Олсбю-Ройселанн ие болды.
Жарысқа барлығы 86 спортшы қатысты.
Осылайша, Олимпиаданың үшінші күнінде де Қазақстан құрамасына ешқандай жүлде бұйырмады.