НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы Бейжің қысқы Олимпиадасында екі қазақстандық спортшы ерлер арасында тұғырдан секіруден іріктеу кезеңінен іркілмей өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іріктеу кезеңінің ережесі бойынша алғашқы іріктеу кезеңіне жоғары нәтижеге ие болып жүрген 50 спортшы шықты. Олардың арасында еліміздің атынан сынға түскен Данил Васильев пен Сергей Ткаченко болды.
Сайыс барысында төрешілер Данил Васильевтің көрсеткен нәтижесін 46,2 деп бағалады. Ал тағы бір қазақстандық Сергей Ткаченкоға берілген баға - 43,1.
Осылайша қазақстандық екі спортшы жарыстың алғашқы сатысынан іркілген жоқ. Жарыстың бірінші және финалдық кезеңдері 6 ақпанға белгіленген.
Еске салсақ, бүгін, 5 ақпанда азақстандық спортшылар трамплиннен секіруден өзге шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, могул, шорт-трек секілді сайыс түрлерінен жарыс жолына шығады.
Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.