Бейжің-2022: Юлия Галышева Бейжің Олимпиадасының финалына өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фристайл-могулдан Қазақстан командасының көшбасшысы Юлия Галышева Бейжің Олимпиадасының екінші іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фристайл-могулдың ережелеріне сәйкес екінші іріктеу кезеңінен өту үшін спортшылар алғашқы ондыққа ілігуі тиіс. Сонда ғана ол спортшы Олимпиаданың финалына өтуге мүмкіндік алады.

Міне, бүгін Юлия Галышева екінші іріктеуден сүрінбей өтіп, сол мүмкіндікке қол жеткізді.

Қазақстандық спортшылар төмендегідей нәтиже көрсетті:

- Олеся Граур - 18-орын

- Аяулым Әміренова - 12-орын

- Юлия Галышева - 9-орын

- Анастасия Городко - 11-орын

Осылайша, Олимпиаданың финалдық кезеңіне тек қана Галышева өтті. Ал Городкоға финалға өту үшін сәл ғана ұпай жетпей қалды. Анастасия осы Олимпиадаға қатысып жатқан ең жас спортшылардың бірі. Ол небары 16 жаста.

Финал Нұр-Сұлтан уақытымен 17:30-да басталады.

Естеріңізге сала кетейік Юлия Галышева алғашқы іріктеуге қатыспаған болатын. Бүгін ол Олимпиада ойындарын бірден екінші іріктеуден бастады.