Бейжің астаналық тіркеу алу жүйесін жұмсартты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай астанасында эксперимент ретінде тіркеуге отырудың жаңа тәртібі енгізіледі. Өзгерістер қаланың шығыс жақ шетіндегі Тунчжоу ауданында тұратын келушілерге қатысты болмақ. Бұл туралы орталық қытайлық БАҚ хабарлады.

Бейжіңде тұрақты тіркеу алу үшін үміткер белгілі бір баллдар санын жинауы тиіс, онда тұрақты жұмысқа орналасуы, тұрғын үйінің және әлеуметтік сақтандырылуы болуы, сондай-ақ қалада тұру ұзақтығы ескеріледі.

Астаналық тіркеу алу туралы жаңа ережелер урбанизацияның жаңа тұрпатын дамыту жөніндегі реформалар мен даму істері жөніндегі мемлекеттік комитет жоспарына енгізілді.

Бейжіңдік тіркеу оның иесіне неғұрлым сапалы білімге, еңбекке орналасуға және мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдаудың басқа да шараларына қол жеткізуге жол ашады.

Бұдан бұрын қытайлық еңбек мигранттары қалада уақытша тұруға ғана рұқсат алатын, бұл көптеген адамдардың астанадағы артықшылықтарға қол жеткізуге кедергі жасады.

Соңғы мәліметтер бойынша, Бейжіңнің тұрақты тұрғындарының саны 20 млн. адамнан асады, бұл Лондон халқынан 2,6 есе, Нью-Йорк тұрғындарынан 2,5 есе көп. Қытай астанасы көптеген мегаполистер сияқты халықтың шамадан тыс қоныстануы және атмосфераның ластануы проблемаларына тап болуда.

Ресурстардың шектеулі болуы салдарынан қала билігі халық өсімін тіркеу алудың қатаң ережелерімен шектеуге тырысып келді. 2014 жылы Бейжіңде елдің басқа өңірлерінен келген 8 млн. еңбек мигранттары тұрып, жұмыс жасады. Қалада тұруға рұқсат алудың жаңа тәртібі олардың шын мәнінде қала тұрғындарына айналуына мүмкіндік береді.

Ал халықтың өсімін бақылауды Бейжің астананың кейбір функцияларын көрші өңірлерге беру есебінен бақылайтын болады, деп санайды PanGoal қоғамдық-саяси зерттеулер институтының зерттеушісі И Пэн.

Шанхайда, Гуанчжоуда және Тяньцзинде қазірдің өзінде тіркеу алудың бейжіңдік тәртібі жұмыс істеуде. Айталық, Гуанчжоуда балл үміткердің білім деңгейіне, дағдыларына және әлеуметтік сақтандырулар алу тарихына қарай есептеледі. Гуанчжоуда жыл сайын 3 мыңға тарта еңбек мигранттары тұрақты тұруға рұқсат алады.