НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы - Бейжің қаласында өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында 19 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясында ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Ян Шуань мәлім етті.
«Қазіргі таңда қысқы Олимпиада ойындарында 19 мың волонтер қатысуда. Алдағы күндері қытай халқының қонақжайлығынан ләззат алыңыздар», - деді ол.
Айтулы сынға әлемнің 90-нан астам елінен спортшылар келеді деп күтілуде. Бұған дейін Оңтүстік Кореяда өткен 2018 жылғы Пхёнчхан Олимпиадасында 95 елден спортшылар келген еді.
Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада еліміздің намысын 34 спортшы қорғайды.
Олимпиада ойындары 4-20 ақпан аралығында өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.