Бейжің тұрғындарына үшінші баланы тууға рұқсат етілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжіңнің заң шығарушы органы отбасы жоспарлау мәселесі бойынша жаңа қаулы шығарды. Енді қайта некеге отырған, бірінші некесінен бір баласы бар азаматтарға тағы екі бала сүюге рұқсат, деп мәлімдеді newsru.com.

Бұдан басқа, екінші некеге дейін екі не одан көп баласы барларға жаңа отбасыда бір бала сүюге құқық берілді, деп мәлімдеді The Global Times.

Бұдан бұрын Бейжіңде екінші рет некеге тұрғандар алдыңғы және соңғы некесінен бір ғана бала болған жағдайда ғана, тағы бір бала өмірге әкелуге рұқсат берілетін болатын.

Жаңа қаулы бойынша әйелі жүкті кезінде ер адам 15 күндік демалыс ала алады. Бұдан басқа, құжат бойынша жұмыс істейтін әйелдердің декреттік демалыс мерзімін 98 күннен жеті айға дейін ұлғайтуды қарастырылған.

Сонымен қатар кейбір басқа да шектеулер алынып тасталды. Мысалы, оған сәйкес тек 28 жастан асқанда ғана, сондай-ақ бірінші бала туғаннан кейін төрт жылдан соң ғана екінші бала тууға болатын қағиданың күші жойылды.