Бейжіңде №207 сайлау учаскесі жұмысының бірінші сағатында 60-тан астам адам дауыс берді (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттарды сайлауға әлемде алғашқылардың бірі болып ҚХР-дағы ҚР Елшілігі жанына құрылған №207 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Учаске ашылғаннан бастап бір сағат ішінде (Астана уақыты бойынша 05.00-ден 06.00-ге дейін) 60-тан астам адам дауыс берді. Бұл туралы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында учаскенің сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Қабазиев хабарлады.

Қазақстан Республикасының Әнұранын орындағаннан кейін алғашқы болып дипломатиялық өкілдік басшысы Шахрат Нұрышев пен оның зайыбы дауыс берді.

Одан кейін Бейжіңде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева және оның ведомствосының қызметкерлері, дипломаттар, олардың отбасы мүшелері, ұлттық компания өкілдері өз конституциялық құқығын орындады.

Алғашқылардың бірі болып Бейжің тіл және мәдениет университетінің тілдік курсында білім алып жатқан 18 жастағы Кәмилә Атиева дауыс берді, ол естелікке кәдесый алды.

Аспанасты елі астанасына қызметтік мәселелермен келген Жұлдызбек Сералиев 207-ші сайлау учаскесінде дауыс беру барысында қазақстандықтардың белсенділігіне оң баға берді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сабыр Имандосовтың жұбайы 70 жастағы Мәнсия Имандосова естелікке сыйлық алды. Ол сайлау учаскесінің жұмысының ұйымдастырылуы жоғары деңгейде екенін атап өтті. Үлкенге деген құрметі үшін алғыс сезімін жеткізді.

«Біз аға буын Қазақстан Республикасының болашағын ойлаймыз. Сайлау - бұл отанымыздың маңызды шарасы. Елдің гүлденгенін, алға қойған жоспарлардың орындалғанын қалаймыз. Сондықтан да шын жүрегімізбен қолдап, сайлауға қатысудамыз», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.