Қайрат Келімбетов ҚХР Құнды қағаздары нарығын реттеу комиссиясының төрағасы Ли Шиюй, Шанхай қор биржасының төрағасы У Цинмен, Инфрақұрылымдық Инвестициялар Азиялық банкінің вице-президенті, Қытай Өнеркəсіптік жəне коммерциялық банкінің (ICBC) өкілдерімен кездесті.
Кездесу аясында АХҚО мен Қытай реттеушілері арасындағы ынтымақтастық, қытайлық инвесторлардың қазақстандық капитал нарығына енуі, АХҚО биржасын құру жəне дамыту бойынша Шанхай Қор биржасымен стратегиялық ынтымақтастық, Қазақстандағы қытай банктерінің АХҚО базасындағы есептік-клирингтік қызметтің дамуы мəселелері талқыланды.
Тараптар Қазақстанның құнды қағаздары нарығының АХҚО базасында дамуына деген айтарлықтай əлеуеті бар екендігін айтты, сонымен қатар, реттеушілердің ынтымақтастығы мен АХҚО биржасын дамытуға деген стратегиялық серіктестігі, АХҚО-ның «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламасы аясында қаржы қызметін көрсететін орталық ретінде жұмыс істеуіне мүмкіндік беретініне тоқталды.
Еске сала кетсек, Елбасы ҚХР-ға екі күндік сапармен барды. Онда ҚР Президенті Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі форумға қатысуда.
Оған 29 мемлекеттің президенттері мен үкімет басшылары, сондай-ақ БҰҰ, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері келді.