Бейжіңде «Қазақтелеком» АҚ, Қытай банкі және «Huawei Technologies» компаниясының арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Дәурен Жайлин/ - Кеше Бейжіңде «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының, Қытай банкі мен «Huawei Technologies» компаниясының арасында Өзара түсіністік туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.

Қазақстанның телекоммуникация саласын дамытудың перспективалық жобаларын қаржыландыруды жоспарлап отырған бұл құжатқа «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, Қытай банкінің Корпоративтік банк ісі департаментінің бас басқарушысының орынбасары Танг Маохенг және «Huawei Technologies» компаниясының вице-президенті Ву Жуо қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақтелеком» компаниясына сілтеме жасап. Меморандумның мақсаты - Қазақстан Республикасында телекоммуникацияларды дамытудың перспективалық жобаларын қытайлық қаржы институттарының қаржыландыруын жүзеге асыру үшін қажетті алғышарттарды жасау болып табылады. Бұл жұмысқа «Қазақтелеком» мен «Huawei Technologies» компаниялары тікелей атсалыспақ. «Huawei Technologies» - жаңа буындық телекоммуникация желілерінің жеткізілімі бойынша әлемдік көшбасшы компания болып табылады, қазіргі уақытта 50 жетекші әлемдік оператор болса, қытайлық компания солардың 35-іне қызмет көрсетеді. Ал Қытай банкі - мемлекет иелік ететін елдегі төрт коммерциялық банктің бірі.