Бейжіңде Кеден одағы жұмыстары бойынша баспасөз мәслихаты өтті

БЕЙЖІҢ. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - 180 млн. адамнан тұратын нарық үш елдің инвестициялық ауа-райын өзгертетін болғандықтан, Кеден одағының құрылуы Беларус, Қазақстан және Ресей үшін маңызды оқиға болып табылады.

Осымен қоса, кез келген шетел инвесторы бұл нарықты көп мүмкіндікке ие нарық ретінде есепке алатын болады. Бұл туралы бүгін, Кеден одағы жұмыстары бойынша өткізілген Бейжіңдегі баспасөз мәслихатында қытайлық БАҚ журналистеріне ұйымға мүше үш мемлекеттің кедендік орган өкілдері айтты.

ҚХР-дағы РФ федеральді кеден қызметінің өкілі Константин Топорковтың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың шілдесінде Кеден одағының кедендік кодексі өз күшіне енуіне байланысты, қазіргі таңда барлық үш елде Кеден одағының кедендік реттеу жөніндегі кедендік кодексіне сәйкес ұлттық заңнаманы жүргізу бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.

Өз кезегінде беларустық әріптес Валерий Мацель Кеден одағының құрылуы - ТМД кеңістігіндегі алға жылжу үдерісі аясындағы маңызды оқиға екенін жеткізді. Кеден одағы кедендік кодексі туралы келісімге қол қою арқылы біздің елдеріміздегі халықтың жағдайын жақсартуды көздеген Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуының алғашқы кезеңі аяқталды.

«Кеден одағының негізгі басымдығы - бұл экономикалық кооперация. Және де қазақстандық кәсіпорындар бұл үдеріске де ат салысып, яғни технологиялық тізбектің бір бөлігіне айналып, өз өнімін еуропалық нарықтарда сата алады», - деді ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің өкілі Тимур Мәліков.