Бейжіңде ҚХР құрылғанына 60 жыл толу құрметіне арналған салтанатты шеруге дайындық басталды

БЕЙЖІҢ. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қытай Халық Республикасының құрылғанына алдағы қазанның 1-інде 60 жыл толуына орайластырылған мерекелік шараларға әзірлік ретінде Қытай астанасының Чанъаньцз даңғылын жөндеу-дайындау жұмыстары басталып кетті.

ҚазАқпарат тілшісі хабарлағанындай, Тяньаньмэнь алаңымен қиылысатын астананың бас көшесін жөндеу жұмыстары түнгі мезгілде сағат 23.00-ден таңғы 5.00-ге дейін жүргізіледі. Алдағы тамыздың 30-на дейін даңғылдың әскери шеруге және демонстрацияға қатысушылар саптары өтетін учаскесінің екі жағын да 5 жолаққа дейін кеңейту жоспарланып отыр. Даңғылдың қалған учаскелеріне көлік қозғалысына лайықтандырылған жөндеулер, көшені көгалдандыру және жарық беретін құралдарды алмастыру жұмыстары жүргізілмек.