Бейжіңде көлік қозғалысын екі есеге қысқартпақ
19:25, 17 Қазан 2013
АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - Бейжің билігі қытайлық астанадағы атмосфераның ластануы деңгейі айрықша жоғары күндері қалада жекеменшік автокөліктерді пайдалануды шектеуге ниетті. Бұл туралы ВВС хабарлады.
Мемлекеттік Синьхуа ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, жұп санды күндері жұп таңбалы нөмірлік белгілері бар көліктердің қозғалысына, ал тақ күндері сәйкесінше тиісті нөмірлік белгілері бар автокөліктерге рұқсат етіледі.
Жаңа ереже бойынша ауа қатты ластанған күндері мектептер жұмыс істемейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бейжіңді әлемде түтінге ең қатты оранған қалалардың қатарына жатқызып отыр.