Салтанатты шара екі елдің әнұрандарымен ашылып, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Қазбек Сәрсембеков құттықтау сөз сөйледі. Дипломат өз сөзінде, Қазақстан халқы 1995 жылы тамыздың 30-ында жаңа Ата заңды қабылдау үшін дауыс беріп, ұзақ жылдарға стратегиялық таңдауларын - еркіндік, гүлдену және демократия үшін таңдауларын қуаттады, деп атап көрсетті.
«Қазақстан Қытаймен арадағы тату көршілік және достық қарым-қатынасты дамытуға үлкен мән беріп отыр. Астана мен Бейжіңнің арасындағы стратегиялық серіктестік қатынастары жыл сайын өзара іс-қимылдың барлық саласында ілгеріліп келеді және тату көршілік пен өзара құрметтің тамаша үлгісі болып табылады», деді Қ,Сәрсембаев өз сөзінде.
Қытай тарапынан сөз сөйлеген сыртқы істер министрінің көмекшісі Чэнь Гопин, Қазақстанға экономикалық даму мен әлеуметтік құрылыста жаңа жетістіктерге қол жеткізуге тілектестік білдірді.
Салтанатты қабылдауға Қытайдағы шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары мен қызметкерлері, ҚХР министрліктері мен ведомстволарының, академиялық құрылымдар мен іскер топтардың өкілдері, БАҚ және Бейжіңдегі қазақ диаспорасының өкілдері, Қытайдағы қазақстандық компаниялардың қызметкерлері мен Аспанасты елінде білім алып жатқан қазақстандық студенттер қатысты.