Бейжіңде Қытай аймағынан Қазақстанға өндірістік қуаттың бір бөлігін көшіру жөніндегі бағдарлама талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл желтоқсанда Бейжіңде Қытай аймағынан Қазақстанға өндірістік қуаттың бір бөлігін көшіру жөнінде бағдарлама талқыланады деп күтілуде. Бұл туралы елордада Еуразиялық ықпалдастықтың негізгі мәселелерін талқылауға арналған Астана клубының I отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

«Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. 2014 жылдың желтоқсанында ҚХР Премьер-Министрінің Қазақстанға сапары барысында Қытай аймағынан Қазақстанға өндірістік қуаттың бір бөлігін көшіру жөнінде бағдарламаны қабылдадық. Бұл бағдарлама Қытай үшін де, Қазақстан үшін де тиімді деп есептеймін. Бір айдан соң, желтоқсан айында мен Бейжіңге іссапармен барамын және осы бағдарламаны іс жүзіне асыру жөнінде талқылаулар жүргіземін», - деді ол.

Ол сондай-ақ аталған бағдарламаның Қазақстанға қандай пайда әкелетіндігін де айтып өтті.

«Қазақстанға неге ол тиімді?! ҚХР саясатының өзгеруінен, атап айтқанда, жаңа жолды таңдауы, сонымен қатар Қытайда өндірістік қуаттың тым көптігінен соңғы 15-20 жылда Қытайға шикізат сатудан көрген пайдамыз бұрынғыдай болмайды», - деді К.Мәсімов. «Бұл сөзім нақты сандардан көрініп тұр. Сондықтан шикізаттық тауарларымыздың Қытайға экспортталуы қиындай түспек. Сондықтан қосымша өңделген тауарларды шығаратын өндірістік қуаттарды Қазақстанға көшіру Қазақстанның ғана емес, ҚХР-дың да мүддесіне сай келеді», - деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, осындай бағдарламаларды ҚХР тарапы өзге де дамушы елдермен бірге жүзеге асыруды жоспарлауда.

«Қытай үкіметімен тілдескенімде олар Қазақстан үлгісін ала отырып, аталмыш бағдарламаны басқа да елдерге енгізбек. Сондықтан бұл бағдарламаның болашағына үлкен үміт артамын және оның біздің елдегі болашағы зор», - деп түйді сөзін Үкімет басшысы.