Бейжіңде Қытайдың СІМ басшысы және Қазақстан Елшісінің қатысуымен АӨСШК күні атап өтілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Бейжің қаласында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) күніне орай салтанатты қабылдауға қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Іс-шараға ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И, Қытайдың сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасарлары және басқа мемлекеттік органдарының өкілдері, АӨСШК-ке мүше және байқаушы-мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ Бейжіңдегі халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары қатысты.

Ван И өзінің кіріспе сөзінде АӨСШК құру бойынша бастаманы алғашқы рет ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтергенін және 23 жыл ішінде форум Азиядағы қауіпсіздік саласында көпжақты диалогты өткізуге арналған маңызды алаң болғанын атап өтті. Ол 2014 жылғы АӨСШК Шанхай саммиті өткізілгеннен бері мүше-мемлекеттер экономикалық, гуманитарлық және қоршаған ортаны қорғау салаларында сенім шараларын нығайту бойынша белсенді жұмыстарды өткізгенін баса айтты.

Ш. Нұрышев құрметті қонақ және АӨСШК бастамашы-мемлекеттің өкілі ретінде сөз сөйледі. Елші Қазақстан Қытайдың Кеңестегі ағымдағы төрағалығына ерекше үміт артатынын атап өтіп, қытайлық «әріптестерге төрағалықты 2018 жылға дейін ұзартуына алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына өзгерту туралы ұсынысын қолдауға шақырды.