Бейжіңде Наурыз мейрамына және Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 10 жылдығына арналған халықаралық футбол турнирі өтті

БЕЙЖІҢ. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Бейжіңде Наурыз мейрамына және Шанхай ынтымақтастығы ұйымының 10 жылдығына арналған халықаралық футбол турнирі өтті.

Сенбі күні ұйымдастырылған жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Ресей,Тәжікстан, Өзбекстан елшіліктерінің, Қытай Сыртқы істер министрлігінің, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы Хатшылығының командалары, сондай-ақ Қытайда тіркелген ТМД елдерінің құрама командасы қатысты.

Турнирдің ашылуы рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан елшісі Икрам Адырбеков жиналған қауымға осынау спорттық мерекені өткізу бастамасына көрсеткен қолдаулары үшін алғыс білдірді және жеңіс тіледі.

Қызу тартыстың нәтижесінде бірінші орынды ТМД елдерінің құрама командасы жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орындар сәйкесінше, ШЫҰ Хатшылығы мен Қазақстан елшілігінің командаларына бұйырды. Турнирді Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі Қазақстанның Шанхай ынтымақтастығы ұйымындағы төрағалығының аясында ұйымдастырды.