Бейжіңде сайлаушылардың 80 пайыздан астамын студенттер құрап отыр (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Жергілікті уақытпен сағат 17:00-дегі жағдай бойынша (Астана уақытымен сағат 15:00) ҚР-ның ҚХР-дағы Елшілігінің жанындағы №207 сайлау учаскесінде сайлаушылардың 78 пайыздан астамы - 2034 адамның ішінде 1598 адам дауыс берді.

Бұл туралы ҚазАқпаратқа берген сұхбатында учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Қабазиев хабарлады.

«Қытайда жүрген қазақстандықтар үшін конституциялық құқығын іске асыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Біздің учаскеміздегі сайлаушылардың 80 пайыздан астамы - бұл Бейжің және бұған жақын орналасқан қалаларда білім алып жүрген студенттер. Өздеріңіз де көріп тұрғандай, учаске барлық техникалық талаптарға сәйкес жабдықталған. Түске дейін 500-ден астам адам, ал 17:00-дегі жағдай бойынша 1598 сайлаушы дауыс берді», - деді ол.

Көптеген сайлаушылар, бірінші кезекте студент бойжеткендер бір-бірін дауыс беру жәшігі мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздері - Ту мен Елтаңбаның қасында суретке түсірді. №207 учаскеде дауыс берген үш қазақстандық азамат бүгін кәмелеттік жасқа толып, естелік кәдесыйларын алды.