Бейжіңде XVI Азия ойындары алауының ресми жағылу салтанаты өткізілді

БЕЙЖІҢ-ГУАНЧЖОУ. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Өткен сенбіде Бейжің жанындағы Ұлы қытай қорғанындағы Цзюйюнгуань бекетінің дабыл мұнарасында XVI Азия ойындарының алауы ресми түрде жағылды.

Юньнань провинциясының Куньмин қаласының волентер-қызы Кан Чэньчэнь алауды күн сәулесі қуатын жинап отыратын доға тәріздес айнаға жақындатты, араға аз ғана уақыт өткенде күн қуатымен жанған Азия ойындарының алауы жалындап сала берді.

«Мен алауды тұтандырғанда қатты қобалжыдым. Сол кездегі менің бойымдағы әсерді сөзбен жеткізуге болмас», - деді ол.

От эстафетасы қарашаның 12-сінде XVI Азия ойындары өткізілетін жерге жеткізіледі. Ойындар үстіміздегі жылғы қарашаның 12-сі мен 27-сінде Гуандун провинциясының әкімшілік орталығы - Гуанчжоу қаласында өткізіледі.

Гуанчжоу қаласының партия комитетінің хатшысы Чжан Гуаниннің айтуынша, ойындарға дайындық жұмыстары аяқталып қалды. Қазір біз Азия ойындарын ашуға дайынбыз. 2004 жылдан бері біз қала инфрақұрылымын жақсарту бағытында елеулі жұмыстарды атқардық.

«Осы жұмыстардың барлығы бізге Азиядағы ірі спорттық жарыстарды табысты өткізуге көмектеседі. Сонымен қатар, біз әлемге Гуанчжоудың құнды мәдениетін көрсетуге де дайынбыз», - деп атап өтті жоғары лауазымды шенеунік.

Еске сала кетсек, Азия ойындары Гуанчжоу қаласында қарашаның 12-27-сі аралығында өткізіледі. Оған 45-тен астам Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстаннан да, 12 000 спортшы қатысады деп күтілуде.